
Алматы және Алматы облысы тауларында сел жағдайына аэровизуалды зерттеу жүргізілді. Мониторинг қорытындысы бойынша мамандар жағдайды тұрақты деп бағалады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Казселденқорғау» ММ мамандары Алматы әкімдігі, қалалық және облыстық ТЖД өкілдерімен бірлесіп, ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ Ми-8 АМТ тікұшағын пайдаланып таулы аумаққа аэровизуалды зерттеу жүргізді. Мониторинг Іле Алатауы жотасының солтүстік бөлігін, Қаскелең өзенінің алабынан Түрген өзенінің алабына дейінгі аралықты қамтыды. Негізгі міндет – аймақтағы морендік-мұздық кешендердің, сел жырымдарының және жалпы сел жағдайының жай-күйін зерделеу болды.
Зерттеу деректері бойынша, морендік көлдердің көпшілігі маусымдық толысу сатысында. Сонымен қатар биік таулы су қоймалары әлі қысқы режимнен толық шықпаған: олардың бір бөлігі биіктік пен беткейлердің орналасуына байланысты мұз бен қар астында қалып отыр. Жергілікті жерлерде беткі ағын байқалады, бірақ өзендердегі судың лайлануының жоғарылау белгілері анықталған жоқ.
Таулы аудандардағы қар жамылғысының биіктігі 20-дан 50 см-ге дейін, ал қар сызығы теңіз деңгейінен 3 300-3 500 метр биіктікте өтеді.
Мониторинг қорытындысы бойынша мамандар Алматы және Алматы облысы өзендерінің алаптарында сел жағдайы тұрақты болып қалатынын атап өтті.
Дереккөз: Inalmaty.kz