
Дағыстаннан келген сүйек кемігі доноры Алматыда үш жыл бұрын өмір сыйлаған 7 жасар баламен алғаш рет кездесті. Бұл донор мен реципиент арасындағы халықаралық деңгейдегі алғашқы кездесу, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Балаға небәрі 3,5 жасында «Апластикалық анемия» диагнозы қойылған — бұл сүйек кемігінің өмірлік маңызды жасушаларды өндіруін тоқтататын ауыр қан ауруы. Жалғыз құтқарылу жолы — сүйек кемігін трансплантациялау болды.
2023 жылдың сәуірінде Денсаулық сақтау министрлігінің Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында пациентке гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялау жүргізілді. Үйлесімді донор Ресей Федерациясының тізілімінен табылды, дәл осы шешім баланың өмірін сақтап, оған өсіп-жетілуге мүмкіндік берді.
— Кішкентай пациентке түскен кезде дәрігерлер түпкілікті клиникалық диагноз қойды: «Жүре пайда болған апластикалық анемия. Өте ауыр түрі», реципиент пен сиблингке HLA типтеу жүргізілді. Өкінішке қарай, үйлесімді туысқан донор табылмады, сондықтан туыс емес донор іздеу процесі басталып, ол Ресейден табылды. Содан кейін аллогенді гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялау жүргізілді, міне үш жыл өтті, бала өзін қанағаттанарлық сезінеді, — деді ТГСК бөлімінің меңгерушісі Ерғали Сәрсекбаев.
Бұл оқиғаның ерекше символдық мәні — донор да, реципиент те дағыстандық тектес, бірақ әртүрлі елдерде тұрады. Бүгін бала жеті жаста. Ол мектепке барады, бірінші сыныпты бітірді, ойнайды, армандайды және толыққанды өмір сүреді.
Кездесуде Ахмет пен Абдулла ерлерше ұстамдылықпен қол алысып, кейін қатты құшақтасты. Абдулланың анасы эмоционалды болып, көз жасын тыя алмады.
«Рақмет саған, Ахмет! Рақмет! — деді жеті жасар Абдулла Яхяров өзінің құтқарушысы — генетикалық егізін құшақтап.
— Нағыз батырлар — бұл кездесудің жүзеге асуына себеп болған дәрігерлер: Дағыстанда да, сіздерде Қазақстанда да. Мен тек өткізгішпін — Жаратушы мені осы балаға көмектесу үшін таңдады, — деді қарапайымдылықпен Дағыстаннан келген 30 жастағы Ахмет Абдуллаев.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының балалар онкологиясы және гематологиясы республикалық орталығының жетекшісі Гүлнара Әбділова трансплантация қарқыны жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өтті: 2025 жылы балалар онкологиясы және гематологиясы орталығында 2500-ден астам бала емделді, 58 трансплантация жүргізілді, оның ішінде: 18 аутологиялық, 8 гаплоидентикалық, 31 аллогенді гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялау, оның ішінде туыс емес донорлардан 12 трансплантация.
Ведомствоның атап өтуінше, кездесу сүйек кемігі донорлығына және Ұлттық донорлар тізілімін дамытуға назар аударуға бағытталған, бұл тізілім ең ауыр жағдайларда да пациенттерге өмір сүру мүмкіндігін береді.
Дереккөз: Inform.kz