
Алматыда қайта өңделген материалдар мен екінші шикізаттан арт-нысандар жасау бойынша заманауи өнер байқауы басталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Байқауға суретшілер, дизайнерлер, сәулетшілер, шығармашылық жоғары оқу орындарының студенттері және өнер арқылы экология мен саналы тұтыну мәселелеріне назар аударғысы келетін барлық қалаушылар қатыса алады. Байқаудың басталғаны туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында «Таза сана» жобасының кураторы Диана Әлиева айтты.
Оның сөзінше, жоба экологиялық мәселелерді шешуге ғана емес, сонымен қатар қоғамның қоршаған ортаға және тұтыну мәдениетіне деген жаңа көзқарасын қалыптастыруға бағытталған.
Біз экологиялық мәдениетті тек дәрістер немесе қоқыс тастамауға шақыру арқылы қалыптастыру мүмкін емес екеніне сенімдіміз. Қоғаммен заманауи тілде — эмоциялар, визуалды бейнелер, шығармашылық және мәдениет арқылы сөйлесу өте маңызды, — деп атап өтті Диана Әлиева.
Байқауды өткізу идеясы «Таза сана» жобасының экологиялық алаңдарының жұмысы барысында пайда болды. Спикердің айтуынша, тұрғындар «Эко-нүктелерге» пластик пен қағаз ғана емес, киім де әкеле бастаған. Заттардың бір бөлігі мұқтаждарға беріледі, жарамсыз тоқыма бұйымдары жаңа бұйымдар жасау үшін пайдаланылады, ал қалдықтары жануарларға арналған баспаналарға жіберіледі.
Кез келген қоқыс екінші өмірге ие бола алады, егер оған басқаша қарай бастасаңыз. Өйткені зат адам оның құндылығын көруді тоқтатқанда ғана қоқысқа айналады, — деп атап көрсетті жоба кураторы.
Байқау аясында қатысушыларға қайта өңделген материалдардан инсталляциялар, мүсіндер, көше нысандары және басқа да көркем композициялар жасау ұсынылады. Бастаманың басты мақсаты — қалдықтарды қайта пайдалану мүмкіндіктерін көрсету және қайта өңдеу, қоршаған ортаның ластануы мен жауапты тұтыну мәселелеріне назар аудару.
Ұйымдастырушылар арт-нысандар қаланың қоғамдық кеңістіктерінің бөлігіне айналып, тұрғындарды экологиялық күн тәртібін талқылауға тартуға көмектеседі деп күтеді.
Байқаудың барысы жобаның @taza_sana.almaty әлеуметтік желілерінде кеңінен жарияланады. Ұйымдастырушылар қатысушылардың жұмыстарын жариялап, жас суретшілер туралы айтып, аудиторияны шығармашылық процессімен таныстырып, визуалды өнердің заманауи форматтары арқылы жастардың назарын экология мәселелеріне аудармақшы.
Дереккөз: Inform.kz