...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыдағы «Барыс-IV» базарынан 13 мыңнан астам заңсыз әкелінген жұмыртқа анықталды

Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы қаласы бойынша аумақтық инспекциясы сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментімен және Қазақстан құс өсірушілер одағымен бірлесіп, қаладағы сауда нысандарында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кезекті рейдтік іс-шара өткізді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

«Барыс-IV» базарын тексеру кезінде инспекция мамандары ветеринариялық ілеспе құжаттарсыз, тиісті таңбалаусыз және арнайы орамасыз сатылып жатқан тауық жұмыртқаларын анықтады. Заңсыз айналымнан барлығы 13 680 жұмыртқа тәркіленді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес тиісті хаттамалар толтырылып, кінәлі тұлғаларға жалпы сомасы 1 297 500 теңге айыппұл салынды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 140 қаулысымен бекітілген Адамдар мен жануарлардың денсаулығына, сондай-ақ қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін жою қағидаларына сәйкес, 2026 жылғы 10 маусымда тәркіленген 13 680 жұмыртқа қалалық мал қорымына шығарылып, «Беккер шұңқырына» салынып, биотермиялық әдіспен консервіленді.

Бұзушылықтар анықталғаннан кейін көтерме және бөлшек сауда ұйымдарының басшыларымен ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ басқа елдерден заңсыз әкелінген өнімдерді сатуға тыйым салу туралы ресми хаттар жолданды. Бұған дейін Шымкент базарында заңсыз жұмыртқалардың ірі партиясы жойылғаны хабарланған болатын.

Дереккөз: Inform.kz