...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда «Қазақстанның үздік тауары» байқауы өтеді: 60-тан астам өндіруші қатысады

27 маусым 2026 жылы сағат 09:00-де ҚР Ұлттық ғылым академиясының алдындағы алаңда (Шевченко көшесі, 28) «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқау-көрмесі өтеді. Іс-шараны «Атамекен» ҚР Кәсіпкерлер палатасының Алматы қаласы бойынша филиалы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Байқау отандық өндірушілерді қолдау, қазақстандық өнімнің сапасын арттыру және бәсекеге қабілетті тауарларды ішкі нарықта ілгерілету үшін маңызды алаңдардың бірі болып табылады. Оның негізгі мақсаты – кәсіпорындарды заманауи сапа стандарттарын енгізуге ынталандыру және бизнес пен халық арасында сапа мәдениетін дамытуға ықпал ету.

Биылғы көрмеге 60-тан астам өндіруші қатысып, отандық өнімнің кең ассортиментін ұсынады. Келушілер үшін дегустациялар, өнім презентациялары, қазақстандық брендтер жәрмеңкесі, сондай-ақ жергілікті өндірушілердің жаңа тауарлары мен өнімдерінің көрсетілімі ұйымдастырылады.

Байқауға Қазақстан Республикасының аумағында өнеркәсіптік, азық-түлік тауарларын және өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдерді өндіретін және шығарылатын өнімнің тұрақты сапасын растайтын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер шақырылады.

Байқау үш номинация бойынша өтеді:

  • «Үздік өндірістік мақсаттағы тауарлар»;
  • «Халыққа арналған үздік тауарлар»;
  • «Үздік азық-түлік тауарлары».

Әр номинация бойынша үш жеңімпаз анықталады. Өңірлік кезеңнің үздік кәсіпорындары Алматы қаласын «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесінде таныстырады.

Республикалық кезеңнің қорытындысы бойынша тоғыз кәсіпорын байқау дипломанты атағын алып, дипломдармен және «Қазақстанның үздік тауары» ресми эмблемасымен марапатталады, сондай-ақ байқау белгісін төрт жыл бойы жарнама мақсатында пайдалану құқығына ие болады.

Байқауға қатысу үшін Алматы қаласының кәсіпкерлері өтінімдер мен сұрақтарды otp.atameken@gmail.com электрондық поштасына жібере алады.

Алматы тұрғындары мен қонақтары көрмеге келіп, отандық өндірушілерді қолдауға шақырылады.

Дереккөз: Almaty.tv