
11-13 маусым аралығында Алматыда New Vision Forum 2026 халықаралық форумы өтеді. Бұл форум бизнес, мемлекеттік сектор, инвесторлар және халықаралық сарапшыларды экономика, технология және басқарудың болашағын талқылау үшін біріктіреді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіледі.
Форумның басты назарында — технологиялық трансформация, жасанды интеллектті дамыту, капитал тарту, көшбасшылық және бизнестің жаңа экономикалық жағдайларға бейімделуі мәселелері.
«Бүгін өзгерістерге тез бейімделіп, үлкен мақсаттар төңірегінде біріге алатын компаниялар жеңіске жетеді. Біз күшті бизнес күшті ойлаудан, дұрыс ортадан және өзгеріс кезеңінде әрекет етуге дайындықтан басталады деп сенеміз», — деді форумның негізін қалаушы және CEO-сы Максат Курбенов.
Халықаралық спикерлер қатарында Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэл Баррозу, цифрлық экономика сарапшысы Дон Тэпскотт, Siri-дің тең авторы Люк Джулия, сондай-ақ «Марстан келген еркектер — Шолпаннан келген әйелдер» әлемдік бестселлерінің авторы Джон Грей бар.
Форум жұмысына Қазақстанның мемлекеттік сектор өкілдері, оның ішінде цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен ірі ұйымдардың басшылары қатысады.
Қазақстандық бизнес өкілдерінен Гүлбану Майгарина, Айдын Рахимбаев, Қанат Қопбаев, Тимур Кәрімбаев, Берік Қаниев және Гаухар Қаппарова сөз сөйлейді.
Форум бағдарламасы пленарлық пікірталастарды, тақырыптық сессияларды, практикалық шеберлік сабақтарын, кейс презентацияларын, инвесторлармен кездесулерді және технологиялық шешімдер көрмесін қамтиды.
Дереккөз: Almaty.tv