
Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте еліміздегі миграциялық ахуалға тоқталып, бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Президент соңғы үш жылда 746 мың оқушыға арналған 600-ге жуық мектеп салынғанын, оның үштен бірі – «Келешек мектептері» екенін атап өтті. Сондай-ақ елімізде 813 денсаулық сақтау нысаны мен 307 спорт нысаны ашылды.
Ол Семей, Тараз, Кентау, Орал және Атырау қалаларында заманауи оңалту орталықтары жұмыс істей бастағанын, қазір Ақтөбе, Көкшетау, Талдықорған және Шымкентте де осындай орталықтар салынып жатқанын еске салды.
«Әлеуметтік нысандар, оның ішінде балаларға арналған оңалту орталықтары барлық өңірде қолжетімді болуы керек. Мұндай нысандар өңірлерде әлі де жеткіліксіз. Осыған байланысты адамдар Астана мен Алматыға жаппай қоныс аударуда. Бұл – ішкі миграцияның теріс үдерісі. Әкімдер бұл мәселемен мұқият айналысуы керек. Президент Әкімшілігі бұл жұмысты бақылайтын болады», – деді мемлекет басшысы.
Дереккөз: Nur.kz