
Алматыда Тимирязев көшесінде жер астынан су атқылап, әлеуметтік желіде жедел тарады. Алайда бұл табиғи фонтан емес, автоматты суару желісінің зақымдануы екен, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Instagram-аккаунт almatinec_live-те Тимирязев көшесіндегі су атқылаған видео пайда болды. Кадрларда балалардың ыстықта суға шомылғаны көрінеді.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне ақаудың себебін түсіндірді:
Тимирязев пен Манас көшелерінің қиылысында жер жұмыстары кезінде көгалдандырудың автоматты суару желісі зақымданып, су ағып кеткен. Ақау анықталған соң мердігер ұйым оны жою және суару жүйесінің жұмысын қалпына келтіру шараларын қабылдады, — делінген әкімдік хабарламасында.
Тимирязев көшесінде «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ тапсырысы бойынша «SARYARQA-MS» ЖШС мердігері «6 кВ желілерін 10 кВ кернеуге ауыстыру ПС-6А, ПС-3А (ПС-168А) (2-кезең)» жобасы аясында жұмыс жүргізіп жатыр.
Дереккөз: Nur.kz