
Алматыда полицияның түнгі рейдтері кезінде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болу фактілері анықталып, үш мекеменің қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы қалалық Полиция департаменті Instagram парақшасында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болу фактілері анықталғанын, сондай-ақ олардың алкогольдік ішімдіктер тұтынғаны тіркелгенін хабарлады.
„Тексеру қорытындысы бойынша бірқатар мекеменің иелері мен қызметкерлері кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта жібергені және алкоголь өнімін сату талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Үш ойын-сауық орнына қатаң шара қолданылып, олардың қызметі тоқтатылды“, — делінген полиция хабарламасында.
Сонымен қатар, жасөспірімдердің заңды өкілдері де тәрбие мен бақылау міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған.
„Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуы — бұл заң бұзу ғана емес, олардың қауіпсіздігіне тікелей қатер. Біз мұндай фактілерге қатаң ден қоямыз. Қазіргі жағдайда үш мекеме қызметін тоқтатты. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі негізде жалғасады“, — деді Медеу ауданы полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шыңасылов.
Дереккөз: Nur.kz