
Алматыда Балаларды қорғау күніне орай «Тау Жүрек» атты бірегей жоба іске қосылды. Ол тауда қауіпсіз және жауапты демалыс мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Жоба аясында 100 мың қазақстандық тегін оқытудан өтеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алғашқы қатысушылар – балаларды қолдау орталығының 50 тәрбиеленушісі. Олар «Шымбұлақ», қаза тапқан альпинистер мемориалы және аңызға айналған «Туюк-Су» лагеріне саяхат жасады. Балаларға маршрутта өзін-өзі ұстау, ауа райына қарай бағдарлау, топтан бөлінбеу және адасып қалған жағдайда не істеу керектігі түсіндірілді. 50 балаға 10 педагог, 5 кәсіби гид, дәрігер және құтқарушылар тобы еріп жүрді.
Альпинизм және спорттық жартасқа өрмелеу федерациясының президенті Нұрсұлтан Шоқановтың айтуынша, соңғы бір жылда 410 құтқару операциясы жүргізілген. «Ең үлкен қателік – тауға дайындықсыз бару. Адамдар тіпті тиісті аяқ киімсіз, сандаль немесе крокстармен жүреді. Бұл жарақатқа әкеледі. Маршруттарды алдын ала зерттеу керек, таумен қалжыңдаспайды», – деді ол.
«Бұл – керемет мүмкіндік, өйткені бізге бүкіл әлемнен келеді, ал біз мұнда тұрып, тауға сирек шығамыз. Ұйымдастырушыларға үлкен рахмет, біз өз күшімізбен байқаған едік, бірақ бұл көлік, Шымбұлаққа көтерілу – үлкен қаржылық шығын», – деді балаларды қолдау орталығы директорының орынбасары Наталья Забровская.
«Тау Жүрек» жобасы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқанын қолдау үшін құрылған. Мұнда тау мәдениетіне – қоқыс тастамау, табиғатты құрметтеу, маршрутта амандасу, рюкзакты дұрыс жинау, ауа райын түсіну және серуенді қауіпті авантюраға айналдырмау сияқты дағдыларға баса мән беріледі. Тәжірибе жүзінде балалар альпинистік түйіндерді байлау, жабдықпен жұмыс істеу, шатыр тігу және дала жағдайында әрекет етуді үйренді.
Болашақта оқытуды мектептерге, студенттерге, педагогтарға, гидтерге, спорт қауымдастығына, блогерлер мен журналистерге тарату жоспарлануда. Сондай-ақ цифрлық форматта дайындықтан өтуге болатын онлайн-платформа іске қосылмақ. Жоба авторлары Алматы тау кластерінің дамуы мен туризмнің өсуі жаңа маршруттар мен инфрақұрылымды ғана емес, сонымен қатар жаңа жауапкершілікті талап ететінін атап өтті.
Дереккөз: Almaty.tv