
1 маусымда Алматыда Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алатау ауданында 100 балаға циркке бару ұйымдастырылады. Әуезов ауданында сағат 10:00-де Family Park-та (Ұлықбек көшесі, 57А) флешмоб пен қуыршақтар шеруі басталады. Сағат 11:00-де Н. Сац театры балаларға арналған ойын бағдарламасын көрсетеді, ал 11:40-та салтанатты шара өтеді. Сағат 11:00-де «Сарыарқа» скверінде (4 шағын аудан) «Спорт достық алаңы» акциясы аясында дзюдо және асық ату турнирлері өтеді. Сағат 14:00-де Политехникалық колледжде «Ұрпақтар сабақтастығы» теннис турниры ұйымдастырылады. Сағат 10:00-де №141 мектепте (Жетісу-2, 8В) «Жұлдызды сәт» қалалық фестивалі өтеді.
Бостандық ауданында әлеуметтік осал топтағы балалар үшін арнайы бағдарлама жасалды. 30 мамыр мен 2 маусым аралығында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары, сондай-ақ мүгедек балалар циркке, хайуанаттар бағына, «Мир фантазий» саябағына, Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайына, қуыршақ театры мен кинотеатрларға тегін бара алады.
Жетісу ауданында «Гүлдер» саябағында (Сериков көшесі, 6А) сағат 10:00-де Damu Bala Fest фестивалі өтеді, оған 500-ге жуық қатысушы күтіледі. Сондай-ақ «Кітап әлемінде» челленджі аясында жазушылармен кездесулер, мәнерлеп оқу байқаулары өтеді.
Медеу ауданында сағат 10:00-де Оқушылар сарайында «Шаттыққа толы балалық» шарасы өтеді. Сағат 15:00-де Қазақ мемлекеттік филармониясында «Ғажайып балалар әлемі» гала-концерті ұйымдастырылады, оған 500-ге жуық бала қатысады. Тағы 400 балаға тегін экскурсиялар мен мәдени-көңіл көтеру бағдарламалары жасалған.
Наурызбай ауданында Шұғыла шағын ауданы, 347 мекенжайындағы амфитеатрда сағат 15:00-де концерт өтеді. Сондай-ақ Инновациялық шығармашылық орталығында (Шұғыла, 347/4) Мемлекеттік қуыршақ театры концерттік бағдарлама көрсетеді.
Түрксіб ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық тұжырымдамасы аясында «Балалық шақ досы» челленджі өтеді, ол судағы және жолдағы қауіпсіздік ережелеріне арналған. Іс-шара сағат 10:00-де №59 мектеп-гимназиясында басталады. Сол күні сағат 10:00-де Сауранбаев көшесіндегі Арбатта «Балалық шақ» аудандық мерекесі ұйымдастырылады.
Сонымен қатар мектеп жанындағы лагерьлердің ашылуы және оқушылардың фотоколлаждар мен қолөнер бұйымдарының көрмелері өтеді.
Дереккөз: Almaty.tv