
Алматыда №16 қалалық емхананың күрделі жөндеуі биыл күзде аяқталады. 1977 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан медициналық мекемеде сейсмикалық күшейту және кешенді жаңарту жүргізілуде, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жоба үш блокты қамтиды: негізгі төрт қабатты ғимарат, зертханалық корпус және үш қабатты «Б» блогы. Жаңартылатын үй-жайлардың жалпы ауданы 5 мың шаршы метрден асады. Жұмыс барысында тірек конструкциялар күшейтіліп, инженерлік жүйелер – жылу, су, желдету және электрмен жабдықтау жаңартылды. Сонымен қатар үй-жайлар заманауи стандарттарға сәйкестендіріліп, аз қозғалатын азаматтар үшін қолжетімді орта жасалуда.
Емхана 63 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Жөндеу жұмыстары пациенттерді қабылдауды тоқтатпай, кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Алматы құрылыс басқармасының мәліметінше, қазір нысанда әрлеу жұмыстары аяқталып, ғимаратты пайдалануға беру алдында инженерлік жүйелер тексерілуде.
Дереккөз: Inalmaty.kz