
Алматыда қоқыс өңдеу зауытының іргетасына капсула салтанатты түрде салынды. Шараға қала әкімі Дархан Сатыбалды, Junxin Environmental Protection компаниясының төрағасы Даи Даогуо, мемлекеттік органдар, бизнес және қоғам өкілдері қатысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жоба Мемлекет басшысының экологиялық ахуалды жақсарту және экологиялық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында, сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда.
Дархан Сатыбалды өз сөзінде Қазақстан мен Қытай стратегиялық әріптестікті дәйекті түрде нығайтып келе жатқанын, ал бірлескен экологиялық жобаларды жүзеге асыру екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыты екенін атап өтті.
Junxin Environmental Protection компаниясының төрағасы Даи Даогуо жоба Қазақстан мен Қытайдың жасыл экономика және тұрақты даму саласындағы стратегиялық ынтымақтастығының нәтижесі екенін айтты.
Кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне шамамен 2 мың тонна қоқысты өңдеп, 60 мегаваттқа дейін электр энергиясын өндіруді қамтамасыз етеді. Жобаға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 130 млрд теңгеден асады.
Зауыт Сингапур, Копенгаген және Токио сияқты әлемнің жетекші қалаларында қолданылатын жоғары халықаралық экологиялық стандарттарға сай болады. Кәсіпорын қоршаған ортаға әсерді барынша азайту принципі бойынша және заманауи тазарту технологияларын қолдана отырып пайдаланылмақ.
Junxin Environmental Protection компаниясы осыған ұқсас жобаларды жүзеге асыруда халықаралық тәжірибеге ие.
Дереккөз: Zakon.kz