
Алматыдағы емхана бейнебақылау камераларына кімнің қол жеткізе алатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желідегі almatinec_live парақшасында емхана ішінде көптеген бейнебақылау камерасы орнатылғаны көрсетілген видео жарияланды. Алматы қаласы Алмалы ауданының алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы бейнебақылау жүйесіне қатысты түсініктеме берді.
Мекеме мәліметінше, камералар әр жылдары кезең-кезеңімен орнатылған және тек пациенттер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі тәртіпті сақтау, сондай-ақ нысанды терроризмге қарсы қорғау үшін қолданылады.
Емханада алғашқы бейнебақылау жүйесі 2019 жылы пайда болды. Сол кезде мекеменің меншікті қаражаты есебінен 29 камера сатып алынып, орнатылды. Бұған дейін медициналық мекемеде бейнебақылау мүлдем болмаған.
Орталықтың айтуынша, камераларды орнату қажеттілігі емхананың ауданы шамамен 1 100 шаршы метрді құрауына және күнделікті келушілер санының жоғары болуына байланысты. Камералар ішкі бақылау және төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін пайдаланылады.
Сонымен қатар, 2022 жылғы желтоқсанда «Күзет» ЖШС күзет ұйымы нысанды күзету және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шарты аясында тағы 8 камера орнатты.
Медициналық мекемеде бұл жүйе автономды жұмыс істейтінін және күзет компаниясының қарамағында екенін атап өтті. Бейнежазба мұрағатына тек «Күзет» ЖШС қол жеткізе алады, емхананың өзінде мұндай деректер жоқ, — деп хабарлады мекемеден.
Дереккөз: Inalmaty.kz