
Алматыдағы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығында дәрігерлер 33 жастағы науқасқа өкпенің альвеолярлы протеинозы деген сирек кездесетін ауруына жоғары технологиялық операция жасады. Процедурадан кейін ер адамның жағдайы айтарлықтай жақсарып, қандағы оттегі деңгейі (сатурация) 80%-дан 95-97%-ға көтерілді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Тотальды бронхоальвеолярлы лаваж деп аталатын бұл процедураны эндоскопия бөлімінде дәрігер-эндоскопист Бахтияр Тургумбаев жансақтау бөлімінің мамандары, торакальды хирургтар және пульмонологтармен бірге жасады. Операция барысында бір люменді интубациялық түтік және кеуде қуысының вибромассажы қолданылды.
Науқас ауруханаға ауыр жағдайда, тыныс алу жеткіліксіздігімен түскен. Дәрігерлердің мәліметінше, түскен кезде сатурация деңгейі 80% шамасында болған. Емдеуден кейін оң динамика байқалып, сатурация 95-97%-ға дейін көтеріліп, тыныс алу функциясы мен жалпы жағдайы жақсарған.
Бұл клиникалық жағдайдың ерекшелігі – бронх ағашына сегменттік кезеңдік лаваж жасау кеуде қуысының вибромассажымен үйлестірілді. Бұл тәсіл альвеолаларда жиналған ақуыз-липидті массаларды тиімді жоюға мүмкіндік берді.
Мамандардың айтуынша, альвеолярлы протеиноз өте сирек кездеседі – шамамен екі миллион адамға бір-екі адам. Қазіргі уақытта тотальды бронхоальвеолярлы лаваж осы патологияны емдеудің негізгі және ең тиімді әдісі болып саналады.
Дереккөз: Inalmaty.kz