
Мәжілісте Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығының Алматыда толыққанды жұмыс істеуіне құқықтық және институционалдық негіз құруға бағытталған заң жобалары қаралды. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев баяндама жасады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ол бұл бастама Қазақстанның өңірдегі халықаралық ынтымақтастықтың негізгі алаңы ретіндегі рөлін нығайтып, БҰҰ құрылымдары мен донор елдердің тұрақты даму жобаларындағы қатысуын кеңейтетінін атап өтті.
Біз өңірлік орталық БҰҰ институттары үшін тартымды нүктеге айналып, БҰҰ құрылымдары мен донор елдер тарапынан тұрақты даму саласындағы жобалар санының өсуіне әкеледі деп есептейміз, — деді Бақаев.
Орталықтың Алматыда орналасуы дипломатиялық және іскерлік инфрақұрылымның дамуына, сондай-ақ Қазақстанның көпжақты алаңдардағы позициясының нығаюына ықпал етеді. Сонымен қатар, орталық қызметі ұлттық кадрлардың дайындық деңгейін арттырып, олардың БҰҰ жүйесіне қатысуын кеңейтеді және халықаралық қызметкерлердің ротациясы есебінен қызмет көрсету нарығының дамуына әсер етеді.
Орталықтың қызметін қаржыландыру Қазақстан Үкіметінің 3 млн АҚШ доллары көлеміндегі жарнасы есебінен жүзеге асырылады. Бұл қаражат персоналды ұстауға, үй-жайларды жабдықтауға, IT-инфрақұрылымға және әкімшілік шығындарға жұмсалады.
Бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Қазақстан БҰҰ-ның рөлін күшейтуді қолдайтынын мәлімдеген.
Дереккөз: Inform.kz