
Алматыда «Заң және тәртіп» акциясы аясында түнгі демалыс орындарына рейд жүргізіліп, ондаған мекеме тексерілді. Нәтижесінде 28 компьютерлік және түнгі клубтар мен аула аумақтарында 57 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Тексеруге жастар ұйымдарының, комьюнити-орталықтардың және қоғамдық кеңестің өкілдері, сондай-ақ Қалалық полиция департаменті мен Жастар саясаты басқармасының қолдауымен жұмылдырылды. Рейд барысында түнгі клубтар, ойын клубтары, барлар, кафелер мен мейрамханалар қамтылды.
Негізгі назар есірткі заттарының заңсыз айналымы мен таралуы, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруі және басқа да құқықбұзушылықтарды анықтауға аударылды. Анықталған бұзушылықтардың қатарында кәмелетке толмағандарды түнгі мекемелерге кіргізу, жасөспірімдерді құқыққа қарсы әрекеттерге тарту белгілері және мекеме иелерінің тарапынан бұзушылықтар бар.
«Жастардың қауіпсіздігі — біздің басымдығымыз. Біз жастарды құқыққа қарсы әрекеттерге тартудың кез келген әрекетін жүйелі түрде тоқтата береміз. Барлық түнгі мекемелер заңнаманы қатаң сақтауы керек. Бұзушылықтар анықталып, қатаң түрде жолын кесіледі», — деді рейдке қатысушылар.
Бұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды. Кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай рейдтер бір реттік емес, жүйелі сипатта болады. Түнгі мекемелердің бақылауы күшейтіліп, тексерулер тұрақты негізде жүргізіледі.
Еске салайық, 2026 жылдың сәуірінде өткізілген осындай іс-шаралар барысында 130-дан астам нысан тексеріліп, бір түнде 200-ден астам құқықбұзушылық анықталған болатын. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып, күшейтілетін болады. Ұйымдастырушылар мекеме иелерін заң талаптарын сақтауға, ал ата-аналарды балаларының бос уақытына ерекше көңіл бөлуге шақырады. Қалада жастар арасындағы құқықбұзушылықтарға нөлдік төзімділік қағидаты қалыптасуда.
Дереккөз: Almaty.tv