
Алматыда Балаларды қорғау күніне орай қалалық медициналық ұйымдарда балалар мен жасөспірімдерге тегін кеңес беру және профилактикалық тексерулер өткізіледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қала тұрғындары педиатрлар, стоматологтар, травматологтар, невропатологтар, ЛОР-дәрігерлер, инфекционистер, акушер-гинекологтар және басқа да мамандардан кеңес ала алады. Шараларға жетекші дәрігерлер мен салалық сарапшылар қатысады.
Медициналық тексеруден бөлек, ата-аналар мен жасөспірімдерге арналған ақпараттық кездесулер, салауатты өмір салты акциялары, сурет салу конкурстары және басқа да тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл бастамаға Салауатты өмір салты орталықтары мен Жастар денсаулық орталықтары да қосылады.
Ұйымдастырушылар ерекше қажеттілігі бар балалар мен диспансерлік есепте тұрған науқастарға ерекше назар аударады. Олар үшін қосымша кеңестер мен үйге шығып тексеру қарастырылған.
Іс-шаралар бағдарламасымен Алматы медициналық ұйымдарының ресми сайттары мен әлеуметтік желілердегі парақшаларынан танысуға болады.
Дереккөз: Inalmaty.kz