
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Алматының барлық медициналық ұйымдарында ашық есік күндері өтеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Іс-шара балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайтуға, белсенді өмір салтын насихаттауға және аурулардың алдын алуға бағытталған. Балалар мен олардың ата-аналарына педиатрлар, стоматологтар, травматологтар, инфекционистер, невропатологтар, ЛОР-дәрігерлер, акушер-гинекологтар және басқа да бейінді мамандардың тегін кеңестері ұйымдастырылады. Шараларға штаттан тыс бас мамандар, жетекші сарапшылар мен ғылыми қызметкерлер қатысады.
Кеңестерден бөлек, медициналық мекемелерде профилактикалық акциялар, ата-аналар мен жасөспірімдерге арналған кездесулер, сурет салу байқаулары және мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі. Бұл бастамаға Салауатты өмір салты орталықтары мен Жастар денсаулық орталықтары да қосылады.
Ерекше қажеттіліктері бар және диспансерлік есепте тұрған балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Олар үшін кеңейтілген консультативтік көмек және үйге барып тексеру шаралары ұйымдастырылады.
Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы іс-шаралардың негізгі мақсаты — балалар мен жастардың физикалық, психикалық және репродуктивті денсаулығына қамқорлық мәдениетін қалыптастыру екенін мәлімдеді.
Тұрғындар ашық есік күндерінің толық бағдарламасымен Алматыдағы медициналық ұйымдардың ресми сайттары мен әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ өз емдеуші дәрігерлерінен таныса алады.
Еске салайық, Қазақстанда балалар лагерлерін лицензиялау кезінде интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету жаңа міндетті талап ретінде қосылған болатын.
Дереккөз: Inform.kz