
Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалардың келушілер саны айтарлықтай өсті. Қазіргі уақытта қалада 30 кітапхана жұмыс істейді, оның ішінде 7-уі тәулік бойы қызмет көрсетеді. Бұл кітапханаларға Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана, Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы, Alatau Creative Hub орталығы, Қазақстан жазушылары кітапханасы, А.П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапхана, сондай-ақ Розыбақиев көшесі, 247/7 және Бельгер көшесі, 1Б мекенжайларындағы филиалдар кіреді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алғаш рет 2023–2024 жылдары тәулік бойы жұмыс істеуге көшкен кітапханалар келушілер санын 70 пайызға арттырды. Бұл көрсеткіш кітапханалардың қаланың мәдени және білім беру орталықтары ретіндегі рөлін нығайтқанын көрсетеді. Қолжетімді және заманауи инфрақұрылым оқырмандар санының тұрақты өсуіне ықпал етеді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыны «ұйықтамайтын қалаға» айналдыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2026 жылы тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалардың саны кеңейтіліп, 7-ге жетті.
Бұл кітапханаларда тыныш және жайлы оқу залдары, интернетке қол жеткізуі бар компьютерлік залдар, бай кітап қоры, жұмыс, оқу және даму үшін ыңғайлы сервистер, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін арнайы жұмыс орындары бар. Сонымен қатар, әртүрлі жастағы оқырмандарға арналған шығармашылық пен дамуға бағытталған клубтар мен үйірмелер ұсынылады.
Дереккөз: Almaty.tv