
Алматы қаласы бойынша ҚМА департаментінің мәліметінше, «КазСтройОпыт LTD» ЖШС басшысы консалтингтік қызмет көрсету деген желеумен коммерциялық ұйымдар үшін құрылыс жұмыстарының тәжірибесін жасанды қалыптастыру бойынша қылмыстық схема ұйымдастырған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қылмыстық кірістерді заңдастыру үшін бақылаудағы заңды тұлғалар пайдаланылған, олар арқылы ақша жинақталып, қолма-қол ақшаға айналдырылған. Қылмыстық кіріс сомасы 490 млн теңгеден асқан.
Тергеу барысында жалған тәжірибе растамасын алып, мемлекеттік сатып алуға қатысқан 56 компания анықталды. Материалдар тексеру жүргізу үшін уәкілетті органдарға жіберілді.
Үш күдікті қамауда, сегіз адамға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қолхат алынып, тиісті мінез-құлық талап етілді. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
22 мамырда ҚМА «ENVIDA AI» қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша тергеу туралы хабарлады, оған 370-тен астам салымшы тартылған.
Дереккөз: Zakon.kz