
Алматыда Шұғыла шағын ауданында заманауи үлгідегі емхананың құрылысы жалғасуда. Жаңа нысан 500 келуге есептелген, бұл қарқынды дамып келе жатқан Наурызбай ауданы тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады. Жоба Алматы денсаулық сақтау жүйесін дамытудың кешенді бағдарламасы аясында іске асырылуда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ғимараттың жалпы ауданы 12,7 мың шаршы метрді құрайды. Емхана үш қабатты болмақ. Мұнда педиатрия, терапия, хирургия бөлімдері, әйелдер консультациясы, күндізгі стационар және оңалту орталығы қарастырылған.
Қалалық Құрылыс басқармасының мәліметінше, нысан заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылады. Емханада МРТ, КТ, маммография, рентген кабинеттері және автоматтандырылған зертхана бөлімшесі жұмыс істейді.
Келушілер үшін жайлы және қолжетімді орта құруға ерекше назар аударылған. Балалар мен ересектерге арналған жеке кіру топтары қарастырылған, бұл пациенттер ағынын тиімді бөлуге және кезекті азайтуға мүмкіндік береді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін ғимаратта пандустар мен лифтілер орнатылады.
Бүгінгі күні құрылыс-монтаж жұмыстарының шамамен 40 пайызы аяқталған. Нысан бекітілген кестеге сәйкес салынуда. Сонымен қатар іргелес аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты аяқтау және нысанды пайдалануға беру 2026 жылдың қарашасына жоспарланған.
Дереккөз: Almaty.tv