...
... Алматы
USD
EUR
RUB

JAS GALA – 2026: Алматыда 5000 студент қатысқан фестиваль жеңімпаздары анықталды

Алматыда жастар шығармашылығын қолдауға арналған JAS GALA фестивалі мәреге жетті. Қалалық жастар саясаты басқармасы мен «Алматы студенттер альянсы» корпоративтік қорының қолдауымен өткен байқау биыл қала жастары үшін ірі шығармашылық алаңға айналды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

2026 жылғы 23 мамырда «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешенінде теңіз деңгейінен 1000 метр биіктікте фестивальдің финалы мен салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

JAS GALA шығармашылық байқауы 2026 жылғы 31 наурызда басталып, дарынды жастардың кәсіби өсуі, шығармашылық әлеуеті мен мәдени-рухани құндылықтарды ілгерілету үшін ұйымдастырылды. Фестиваль бес бағыт бойынша өтті: вокал, хореография, театр, аспаптық орындау және мобилография. Байқау ішкі университеттік және қалалық кезеңдерді қамтыды. Жобаға Алматыдағы 26 жоғары оқу орнының өкілдері қатысты.

«Бүгінгі жастар – елдің болашағы ғана емес, қазіргі қоғамның қозғаушы күші. Сіздердің өнерге, шығармашылыққа және жаңа идеяларға ұмтылыстарыңыз Алматының жастар ортасын жаңа деңгейге көтереді. Мұндай алаңдар дарынды жастарды біріктіріп, олардың қабілеттерін ашуға мүмкіндік береді. Бүгінде шағын жоба Алматының 5000-ға жуық студентін біріктірген ірі фестивальге айналды. Барлық қатысушыларға табыс, шабыт және жаңа жетістіктер тілеймін. Лайықты марапаттарыңызбен құттықтаймын!» — деді Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының басшысы Әзіз Қажденбек.

Байқаудың барлық кезеңдерінде қатысушыларды Қазақстанның танымал мәдениет және өнер қайраткерлері бағалады, олардың арасында Айжан Нұрмағамбетова, Болат Әбілманов, Әсет Иманғали және Байғали Есеналиев және т.б. бар. Фестивальдің жалпы жүлде қоры 7 500 000 теңгені құрады. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтар алса, арнайы номинация иелері бағалы сыйлықтарға ие болды.

Байқау қорытындысы бойынша: «Вокал» номинациясында Гран-приді Narxoz University студенті Мархаен Манус жеңіп алды; «Хореография» номинациясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Primerose» ұжымы үздік деп танылды; «Театр» бағытында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «БІЗ» студенттік театры жеңіске жетті; «Мобилография» номинациясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Өмірзақ Ғайни бірінші орын алды.

«Фестиваль барысында жастардың шығармашылық ізденістері, сахналық мәдениеттің жоғары деңгейі және өнерге деген шынайы қызығушылық айқын көрінді. JAS GALA жай байқау емес, дарынды жастарды біріктіретін ірі мәдени платформаға айналып келе жатқанына қуаныштымыз», — деп қосты ұйымдастырушылар.

Дереккөз: Almaty.tv