
Алматыдағы Үстел теннисі орталығында журналистер мен блогерлер арасында үстел теннисінен турнир өтті. Шараны Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жарысқа 40-қа жуық қатысушы жиналды — еліміздің ірі БАҚ өкілдері, тележүргізушілер, тілшілер, спорт шолушылары, фотографтар мен блогерлер. Әр ойын шиеленісті өтті.
«Басты ерекшелігі — әрбір сет ойын барысын түбегейлі өзгерте алады. Бұл шеберлік қана емес, төзімділік сыны. Мұнда тек физикалық тұрғыдан күшті емес, моральдық тұрғыдан берік адам жеңеді», — деді қатысушы Асқарбек Қазанғап.
«Барлық қатысушылар өте мықты. Кейбіреулерімен былтырғы турнирде кездескен болатынмын. Дайындық байқалады, сондықтан бүгін шоғырлану маңызды», — деді 2025 жылғы турнир жеңімпазы Айнұра Байтұма.
Жүлде қоры айтарлықтай болды: 1-орын — 500 000 теңге, 2-орын — 400 000 теңге, 3-орын — 300 000 теңге, 4-орын — 200 000 теңге, 5–7 орындар — 100 000 теңгеден.
Ұйымдастырушылар қонақтарға арнап ойын-сауық бағдарламасы мен фуршет дайындаған.
«Өткен турнир спорттың түрлі мамандық иелерін біріктіре алатынын, ал журналистер мен блогерлердің тек жеңістер туралы айтып қана қоймай, өздері де лайықты күресе алатынын көрсетті», — деді шараны ұйымдастырушы, Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Балсұлу Әлекенова.
Дереккөз: Almaty.tv