
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахім БҰҰ аясында ұйымдастырылған Дүниежүзілік қалалар форумының (WUF13) XIII сессиясы аясында Бакуде өткен SPECA қалалар форумына қатысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Іс-шара барысында Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдерінің өкілдері тұрақты даму, климаттық бейімделу және қалалық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелерін талқылады.
Форумда сөз сөйлеген Нұрлан Әбдірахім Алматының негізгі экологиялық және көлік жобаларын таныстырды. Атап айтқанда, ЖЭО-2 станциясын газға ауыстыру арқылы жаңғыртуға ерекше назар аударылды, бұл шығарындылар деңгейін төмендетуге және мегаполистегі ауа сапасын жақсартуға бағытталған.
Сондай-ақ экологиялық таза қоғамдық көлікті дамыту, мультимодальды көлік жүйесін құру және шығарындылар деңгейі төмен аймақтарды енгізу жөніндегі бастамалар ұсынылды.
Әкім орынбасары Алматы қала дамуының полицентрлік моделін дәйекті түрде іске асырып жатқанын, сондай-ақ экологиялық жағдайды бақылау және қалалық басқару тиімділігін арттыру үшін цифрлық технологияларды енгізіп жатқанын атап өтті.
Форум қорытындысы бойынша Алматы «SPECA климаттық ақылды қалалары форумын құру туралы ниет декларациясына» қосылып, тұрақты даму және заманауи урбанистік шешімдерді енгізу саласында өңір қалаларымен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін растады.
SPECA қалалар форумы Орталық Азия елдерінің қалалары арасында тәжірибе алмасу алаңы болып табылады және урбанизация мен климаттық тұрақтылықтың өзекті мәселелерін шешуге ортақ тәсілдерді әзірлеуге ықпал етеді.
Бұған дейін Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Бакудегі WUF13 форумына қатысқаны хабарланған болатын. Сондай-ақ Қазақстан Бакудегі Urban Expo көрмесінде ұлттық павильон ұсынғаны туралы жазылған еді.
Фото: Серікбол Қошмағанбетов/Kazinform
Дереккөз: Inform.kz