...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда 60 мәдениет қайраткері Президент атынан пәтер және 13 мемлекеттік награда алды

Алматыда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай 60 сала маманына Президент атынан пәтер кілттері мен 13 мемлекеттік награда табысталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, бұл марапаттар — Мемлекет басшысы тарапынан сала қызметкерлерінің еңбегіне берілген жоғары баға.

Мемлекет басшысының қолдауы тек наградалармен шектелмейді. Сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, оның ішінде тұрғын үй мәселелерін шешу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Өткен жылы Астанада Президент атынан мәдениет және өнер қызметкерлеріне тұрғын үй сертификаттары табысталған еді. Биыл бұл игі бастама Алматыда жалғасын тауып отыр. Мұндай қолдау — шығармашыл адамдардың еңбегіне берілген нақты баға. Бүгін сіздерге табысталған жаңа пәтер кілттері — ел игілігі үшін адал еңбектеріңізге деген құрмет пен алғыс белгісі. Осы үйлер отбасыларыңызға береке, бақыт және шығармашылық шабыт әкелсін. Барлық мәдениет және өнер қызметкерлерінің атынан Мемлекет басшысына салаға тұрақты назар аударып, шығармашылық қауымдастықты жан-жақты қолдағаны үшін шынайы алғысымды білдіремін, — деді Аида Балаева.

Мемлекет басшысының атынан мәдениет және өнер өкілдеріне 60 пәтер кілті табысталды. Тұрғын үй қолдауын алғандардың қатарында жетекші театрлар, музыкалық ұжымдар, білім беру мекемелері, кітапханалар, мұрағаттар, мұражайлар, баспа және әдеби сала өкілдері, сондай-ақ мәдениет мекемелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін мамандар бар.

Кеше бес адам Мемлекет басшысының қолынан тұрғын үй сертификаттарын алды. Бүгін Алматыда Президент атынан Аида Балаева тағы 55 мәдениет қайраткеріне пәтер кілттерін табыстады. Тұрғын үй қолдауы мәдени саланың әртүрлі бағыттарын — жетекші театрлар әртістері мен ұлттық ұжымдар музыканттарынан бастап оқытушылар, кітапханашылар, мұрағатшылар, мұражай қызметкерлері, бухгалтерлер, кадр мамандары, техникалық қызметкерлер және мәдениет мекемелерінің қызметін қамтамасыз ететін қызметкерлерді қамтыды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мәдениет саласындағы ерекше жетістіктері мен Қазақстан Республикасы алдындағы ерекше еңбегі үшін саланың 13 өкілі мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтарға ие болды. Мемлекет басшысының атынан жоғары наградалар театр, музыка, хореография, әдебиет және ғылым бағыттарының отандық мәдениет пен өнерді дамытуға елеулі үлес қосқан қайраткерлеріне табысталды.

«Парасат» орденімен марапатталды: Райхан Калиолдина — Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі; Сұлтан Бапов — «Салтанат» Қазақстан Республикасының Мемлекеттік би ансамблінің педагог-хореографы; Танағатар Нұралы — Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры; Тұрсынжан Шапай — Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері; Даража Балапан — қазақстандық ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі; Каракөз Тілеубекова — актриса, әнші; Мейрамбек Бесбаев — «МузАРТ» тобының солисті, композитор.

«Құрмет» орденімен марапатталды: Қанат Омаров — Т.Әбдірашев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің бас дирижері; Күзембай Бектаев — А.Жұбанов атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақ музыка мектеп-интернатының педагогі; Михаил Романюк — «Самат шоу техник» негізін қалаушы, продюсер.

«Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағына Виталий Гришко — Ұлттық орыс драма театрының актері ие болды.

Дереккөз: Inform.kz