...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматы орталығында заңсыз құрылыс сүріліп жатыр: сот үкімі орындалды

Алматыдағы Достық даңғылы, 42/74 мекенжайындағы тұрғын үйге жазғы алаңшасы бар қосымша ғимарат сот шешімімен бұзылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Алматы қалалық құрылыс бақылау басқармасының мәліметінше, рұқсат құжаттарынсыз бір қабатты кіреберіс тобы мен қоғамдық тамақтану нысаны орналасқан жазғы алаңша салынған. Жоспардан тыс тексеру барысында «Таймас Ltd» ЖШС меншік иесіне әкімшілік шаралар қолданылып, заңсыз құрылысты бұзып, нысанды бастапқы қалпына келтіру туралы нұсқама берілген. Алайда меншік иесі нұсқаманы орындамаған.

Басқарма Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына нұсқаманы мәжбүрлеп орындату туралы талап-арызбен жүгінген. Сот талқылауы ұзаққа созылған. 2026 жылғы 11 ақпанда Алматы қалалық сотының қаулысымен басқарманың талап арызы қанағаттандырылған.

Заңсыз нысанды бұзу бүгін Әділет департаментінің сот орындаушыларының қатысуымен басталды.

Қалада заңсыз нысандарды анықтау және бұзу жұмыстары жалғасуда. Бұған дейін сот шешімімен Алматыда мини-маркет, Сейфуллин даңғылы, 348 мекенжайындағы бес қабатты ғимарат, Дүйсенов көшесіндегі мейрамханаға екі қабатты қосымша ғимарат, Розыбакиев көшесіндегі заңсыз сауда қосымшасы, Циолковский көшесіндегі ірі нысан, Розыбакиев көшесіндегі мейрамхананың заңсыз жазғы террасасы және Қажымұқан көшесіндегі мейрамхана террасасы бұзылған.

Дереккөз: Inform.kz