...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматы түлектері әлемнің үздік университеттеріне жолдама алды: AI, биохимия және IT

2025–2026 оқу жылындағы Алматы мектептерінің түлектері қаланың білім хабы ретіндегі мәртебесін растап, халықаралық деңгейде жоғары бәсекеге қабілеттілік танытуда. Жыл басынан бері жүздеген он бірінші сынып оқушысы АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария, Франция, Австрия, Гонконг, Сингапур, Оңтүстік Корея және Түркияның жетекші университеттерінен шақыртулар мен білім гранттарын алды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Алматылық оқушылар жасанды интеллект (AI), биохимиялық инженерия, IT, халықаралық логистика және цифрлық коммуникациялар сияқты ең сұранысқа ие және технологиялық бағыттар бойынша гранттар алуға ерекше көңіл бөледі. Топ-университеттерден шақыртулар саны бойынша дәстүрлі түрде Бостандық ауданының түлектері көш бастап тұр.

Салима Дәулеткерей (№105 гимназия) – халықаралық химия олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемдегі ең беделді технологиялық институттардың бірі – EPFL (Швейцария) «Биохимиялық инженерия» мамандығына, сондай-ақ Гронинген университетіне (Нидерланды) шақырту алды. Арайлым Мұхажан (№92 мамандандырылған лицей) – халықаралық математика және физика олимпиадаларының жеңімпазы, үш ірі университеттен: DePauw University (АҚШ), Saint Louis University (АҚШ) және Duke Kunshan University (ҚХР) шақырту алды. Жанель Тен (№22 мектеп-гимназия) – республикалық француз тілі олимпиадасының жүлдегері, Страсбург университетіне (Франция) қабылданды. Мұхамеджан Төлеубек (№140 гимназия) – халықаралық робототехника жарыстарының жүлдегері, South China University of Technology-дің «Жасанды интеллект» инновациялық бағытына түсті. Арайлым Мұхаметқали (№92 мамандандырылған лицей) Massachusetts University (АҚШ), Suffolk University (АҚШ) және The Hong Kong Polytechnic University (Гонконг) университеттеріне шақырту алды.

Алмалы ауданының түлектері (31 оқушы) еуропалық және азиялық бағыттарда жоғары белсенділік танытуда. Биыл ауданның он бірінші сынып оқушылары арасында Австрияның жетекші жоғары оқу орындары, соның ішінде атақты Вена университеті мен Вена экономика және бизнес университеті сұранысқа ие. Сонымен қатар, аудан түлектері Harbin Institute of Technology (ҚХР), Xiamen University Malaysia, University of North Florida (АҚШ), сондай-ақ Германия, Чехия, Грекия және Италия университеттеріне түсті.

Әуезов ауданында биылғы 3099 түлектің 23-і беделді университеттерден грант алуға бағытталған. Аудан бойынша жалпы халықаралық тізімдерде қазіргі уақытта 134 шақырту бар. Ең танымал бағыттар – Гонконг пен ҚХР (60 оқушы), АҚШ (17), ЕО елдері (Австрия, Чехия, Словакия, Венгрия, Финляндия, Франция, Италия – 19), Түркия (5), Оңтүстік Корея (5) және Ұлыбритания (3).

Алатау ауданында 2859 түлектің 28-і шетелдік жоғары оқу орындарына іріктеуден сәтті өтті. Олардың көпшілігі ҚХР (13), Чехия (3) және Түркия (2) университеттерінен грант алды. Сондай-ақ, аудан түлектері АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония және Әзірбайжан университеттеріне қабылданды.

Наурызбай ауданында шетелдік жоғары оқу орындарының атаулы білім гранттарының иегерлері 5 түлек болды.

Дереккөз: Almaty.tv