
Алматыда биыл жазда төтенше ыстық болуы мүмкін. Синоптиктердің болжамынша, маусым айында қалада ауа температурасы +41 градусқа жетеді, ал маусым бойы жаңа температура рекордтары тіркелуі ықтимал, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Қазгидромет» РМК метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы Дәулет Кисебаевтың айтуынша, Алматы үшін абсолюттік температура максимумы 1983 жылы жазда тіркелген — сонда ауа +43 градусқа дейін қызған.
Соңғы жылдары төтенше ауа райы құбылыстарының саны артып келеді, сондықтан биылғы жаз да рекордтық ыстықтар қатарына енуі мүмкін, — деді Кисебаев.
Синоптиктердің айтуынша, бұлт аз және желсіз ауа райы ыстықты күшейтіп қана қоймай, ауадағы зиянды заттардың жиналуына да әкеледі. Осыған байланысты қала үстіндегі түтін қоюлануы мүмкін.
Метеорологтар тұрғындарға ыстық күндері күннің көзіне аз жүруге, су ішу режимін сақтауға және денсаулықты мұқият бақылауға кеңес береді. Сонымен қатар, болжам бойынша ыстық тұрақсыз ауа райы кезеңдерімен алмасып отырады. Шілде және тамыз айларында Алматыда жаңбыр, найзағай және екпінді жел күтіледі.
Дереккөз: Inalmaty.kz