...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда қоқыстан электр қуатын өндіретін зауыттың құрылысы басталады: 145 млрд теңге инвестиция

Алматыда қоқысты электр энергиясына айналдыратын зауыттың құрылысы басталады. Жобаға жалпы инвестиция көлемі 145,5 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов жобаның маңыздылығын атап өтіп, жаңа Конституцияда бекітілген басымдықтардың бірі – қоршаған ортаны қорғау екенін айтты. Осыған орай үкімет нақты экологиялық жобаларды іске асыруды, инвестиция мен озық технологияларды тартуды міндеттеді.

Директорлар кеңесінің төрағасы Дай Даого құрылыстың басталу күнін – 29 мамыр деп белгіледі. Нысанды пайдалануға беру екі жыл ішінде жоспарланған.

Зауыт тәулігіне 2 мың тоннаға дейін қоқысты өңдеп, 60 МВт электр қуатын өндіре алады. Жоба CO₂ шығарындыларын жылына шамамен 200 мың тоннаға азайтуға, полигон көлемінен жылына 800 мың текше метр үнемдеуге және «жасыл» энергияны тұрақты өндіруге мүмкіндік береді. Құрылыс кезеңінде 700 уақытша, ал зауыт іске қосылғаннан кейін 120 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар жоба аясында үш «жасыл» орталық құрылады. Олар сенімді электрмен жабдықтауды, цифрлық шешімдер үшін энергияны пайдалануды және қыс мезгілінде өнеркәсіптік тұтынушылар мен қала қажеттіліктеріне таза жылу беруді қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ технологияларды енгізуге, қосалқы бөлшектерді жергілікті жерде өндіруге, жергілікті мамандарды даярлауға және экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған үш база құру жоспарланған.

Кездесу қорытындысы бойынша премьер-министр Олжас Бектенов уәкілетті мемлекеттік органдарға жобаны одан әрі сүйемелдеуді және нысанды уақтылы пайдалануға беруді тапсырды.

Hunan Junxin Environmental Protection Co., Ltd – Қытай мен Орталық Азияда ірі жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі бар, қоқысты энергияға айналдыру саласындағы жетекші қытайлық компаниялардың бірі.

Дереккөз: Zakon.kz