...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматылықтар 1312 жедел желісі арқылы кене шағуы және вакцинация бойынша кеңес ала алады

Алматы тұрғындары кене энцефалитіне қарсы вакцинация мәселелері бойынша кеңес алып, кене шаққан жағдайда қайда жүгіну керектігін 1312 жедел желісіне қоңырау шалу арқылы біле алады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мамандары кене шаққаннан кейін алғашқы 96 сағат ішінде медициналық көмекке жүгіну қажет екенін еске салады — дәл осы кезеңде кенеге қарсы иммуноглобулинді енгізу тиімді болады.

Басқарма мәліметінше, шұғыл көмек — кенені алып тастау және иммуноглобулинді енгізу — қалалық ауруханалардың травмпункттерінде көрсетіледі.

Алмалы және Бостандық аудандарының тұрғындары Орталық қалалық клиникалық ауруханаға (Жандосов көшесі, 6) жүгіне алады.

Түрксіб және Жетісу аудандарының тұрғындарына №4 қалалық клиникалық ауруханада (Папанин көшесі, 220) көмек көрсетіледі.

Әуезов, Алатау және Наурызбай аудандарының пациенттерін №7 қалалық клиникалық аурухана (Қалқаман шағын ауданы, 20) қабылдайды.

Медеу ауданының тұрғындары жедел жәрдем ауруханасына (Қазыбек би көшесі, 96) жүгінуі керек.

18 жасқа дейінгі балаларға иммуноглобулинді енгізуді қоса алғанда, шұғыл профилактика балалар шұғыл медициналық көмек орталығында (Манас көшесі, 40) тұрғылықты жеріне қарамастан жүргізіледі.

Кене энцефалитінің сенімді профилактикалық шарасы — Алматы емханаларында жасауға болатын вакцинация.

Қазіргі уақытта қала емханаларында 16 жастан асқан адамдарға арналған «ТикоВак» вакцинасы қолжетімді. Сонымен қатар, медициналық ұйымдар вакцинаның және кене шаққаннан кейінгі шұғыл профилактикаға арналған иммуноглобулиннің қажетті қорымен қамтамасыз етілген.

Дереккөз: Almaty.tv