
Алматы қаласының құрылыс басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Бұл лауазымға Нұрбол Нұрсағатов келді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Нұрбол Нұрсағатов 1981 жылы 29 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 2003 жылы Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша, ал 2005 жылы Л. Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол университетін «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2003 жылы бастаған. Әр жылдары ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс істері комитетінде, Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында қызмет атқарған.
2008-2011 жылдары Астана қаласы әкімдігінің құрылыс басқармасы басшысының орынбасары, 2011-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары болған.
2014-2019 жылдары Шығыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын, Алматы қаласының құрылыс басқармасын және елорданың қоршаған ортаны қорғау басқармасын басқарған.
2020-2022 жылдары елордадағы Байқоңыр және Алматы аудандарының әкімі болды. 2022 жылдың шілдесінен қазанына дейін Абай облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2022-2024 жылдары Семей қаласының әкімі болған.
Еске салайық, бұған дейін Қызылорда облысында екі жаңадан құрылған басқарманың басшылары тағайындалған болатын.
Дереккөз: Inform.kz