
Алматы облысында жеңіл қозғалтқышты Ан-2 ұшағы авариялық қону жасады. Оқиға әуежайлардан алыс жерде болған, адам шығыны жоқ, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде тараған кадрларда ұшақтың төмен биіктікте ұшып, белгісіз жерде бұталарға қонғаны көрінеді. Куәгерлер түсірілім Талдыбұлақ-Қаракемер ауданында жүргізілгенін айтады. Маңайда әуежайлардың жоқтығы желі қолданушыларының сұрақтарын туғызып, құзырлы органдардың назарын аударды.
Қазақстан Көлік министрлігі оқиғаны авиациялық оқиға ретінде жіктеп, тергеу басталғанын хабарлады.
«ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 27 шілдедегі №505 бұйрығымен бекітілген Авиациялық оқиғалар мен инциденттер туралы деректерді ұсыну және тергеу қағидаларына сәйкес, UP-A0091 тіркеу нөмірлі Ан-2 әуе кемесімен болған авиациялық оқиға адам шығыны жоқ авиациялық оқиға (авария) ретінде жіктеліп, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаменті тергеуіне жатады. Қазіргі уақытта нақты мән-жайларды анықтау үшін оқиға орнына Департамент қызметкері жіберілді», — делінген ведомство хабарламасында.
Дереккөз: Nur.kz