
Биылғы оқу жылына қарай Алматының Алатау ауданындағы Зерделі шағынауданында 550 орындық заманауи мектеп ашылады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жалпы ауданы 7,4 мың шаршы метр болатын үш қабатты ғимарат 5–11-сынып оқушыларына арналған. Жобада оқытуға, шығармашылық және зияткерлік дамуға қажетті заманауи жағдайлар қарастырылған. Сыныптар 25 оқушыға дейін толтырылады.
Қалалық Құрылыс басқармасының бас маманы Ербол Усмановтың айтуынша, қазір нысанда іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізіліп, кемшіліктер жойылуда. Құрылыс-монтаж жұмыстарын бір ай ішінде толық аяқтау жоспарланған.
Мектепте 22 оқу кабинеті, оның ішінде физика, химия және биология зертханалары, мультимедиялық кабинет, екі компьютер сыныбы және робототехника кабинеттері болады. Сондай-ақ спорт залы, 162 орындық акт залы, оқу залы бар кітапхана, медиатека және 12 мың дана оқулық қоры орналасады.
Бірінші қабатта 229 орындық асхана, барлық сыныптарға арналған гардероб аймақтары, әкімшілік бөлмелер және оқу шеберханалары бар.
Іргелес аумақтың ауданы 2,3 гектарды құрайды. Мұнда спорт және ойын алаңдары жабдықталып, кешенді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілген.
Дереккөз: Almaty.tv