
Алматыда ерте жылымыққа байланысты кене шағу деректері биыл былтырғыдан ерте тіркеле бастады. Қалада қазірдің өзінде 2 023 жағдай тіркелген, оның 45 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықованың айтуынша, биыл кене шағу саны былтырғыдан 11 пайызға артық. Дегенмен, көпжылдық орташа көрсеткіштен аспайды. Сонымен қатар, кене энцефалитінің екі жағдайы тіркелген.
«Барлық науқас тиісті ем алып жатыр. Барлық жағдайда кенелер Алматы облысының аумағында жабысқан. Кене энцефалитімен ауырғандар бұл ауруға қарсы егілмеген», – деді Әсел Қалықова РСК баспасөз мәслихатында.
Ол кене жабысқан жағдайда мүмкіндігінше ертерек, төртінші күннен кешіктірмей, серопрофилактика пункттеріне жүгінуге кеңес берді. Зардап шеккен адамға кенеге қарсы иммуноглобулин егіледі.
«Кене энцефалитінің алдын алудың ең тиімді әдісі – вакцинация. Екпелер дәрігермен кеңескеннен кейін тұрғылықты жері бойынша емханаларда көрсетілімдер бойынша жүргізіледі. Вакцинация кене энцефалитінің табиғи ошақтарында тұратын және жұмыс істейтін адамдарға жасалады. Бүгінгі күні барлығы 2 381 адам вакцинацияланды», – деп қосты Әсел Қалықова.
Дереккөз: Inalmaty.kz