...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда тағы бір топ қазақстандық бітімгер Голан биіктігіне аттанды

Алматыда Қазақстан бітімгершілік контингентінің үшінші құрамы Голан биіктігіне аттанды. Салтанатты шараға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Бітімгершілік операциялар орталығы, әріптестері, Қарулы күштер ардагерлері, сондай-ақ әскери қызметшілердің туыстары мен жақындары қатысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков Қазақстанның БҰҰ миссиясына қатысуы оның жаһандық аренадағы рөлін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

«Бітімгершілік қызмет – Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі, ол бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға үлес қосады. Сіздердің кәсіби дайындықтарыңыз бен әскери борышқа адалдықтарыңызға еліміздің әлемдік қоғамдастықтағы беделі байланысты. Барлық міндеттерді абыроймен орындап, қазақстандық бітімгерлердің даңқты дәстүрін лайықты жалғастырасыздар деп сенемін», – деді ол.

Өз кезегінде үшінші бітімгершілік контингентінің 3-сыныпты сержанты Жандос Әубәкіровтің әкесі Ғұмар Маратұлы сапарлау сөз сөйледі. Ол бітімгерлерге ақ жол, миссияны лайықты орындап, Отанға аман-есен оралуды тіледі.

Қойылған міндеттерді орындауға дайын екендіктерін білдіріп, Қарулы күштердің 139 әскери қызметшісі үшінші бітімгершілік контингентінің командирі подполковник Илияс Алматовтың басшылығымен алаң бойымен салтанатты маршпен өтті. Содан кейін олар Халықаралық Алматы әуежайына бет алды, сол жерден контингенттің орналасқан жеріне жол басталады.

Қазіргі уақытта 150-ден астам қазақстандық бітімгер Таяу Шығыс пен Африка құрлығындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының 7 миссиясына әскери бақылаушылар, штаб офицерлері ретінде қатысып, сондай-ақ Голан биіктігінде жеке ұлттық контингент құрамында міндеттер атқарады. Атап айтқанда, әскерилер БҰҰ-ның Ливан, Сирия, Батыс Сахара, Оңтүстік Судан, Конго Демократиялық Республикасы және Орталық Африка Республикасындағы миссияларына қатысады.

Қазақстандық бітімгерлер атысты тоқтату режимін қамтамасыз ету, патрульдеу, блокпосттарды күзету, жарылғыш заттарды жою, сондай-ақ БҰҰ персоналын алып жүру және эвакуациялау бойынша міндеттер атқарады. Бұған дейін Голан биіктігінде қызмет өткен ұлттық контингенттің алдыңғы екі құрамы барлық міндеттерді сәтті орындап, БҰҰ миссиясы басшылығының жоғары бағасын алғанын айта кеткен жөн.

Дереккөз: Zakon.kz