
Алматының орталық көшелерінің бірінде қалалық бағдар бойынша жүріп келе жатқан автобус кенеттен түтіндей бастады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қауіпті жағдайға қарамастан, жүргізуші сабыр сақтап, апаттың алдын ала алды. Куәгерлер түсірген видео кадрларда жүргізушінің нұсқаулыққа сәйкес әрекет еткені көрінеді: ол көлікті тоқтатып, жолаушыларды автобустан шығарып, өрт сөндіргішпен жалынды сөндіруге кірісіп, жөндеу бригадасын шақырған. Алдымен жүргізуші мен жолаушыларды күйік иісі абыржытқан.
«Алматыэлектротранс» компаниясында Kazinform тілшісіне 2834 бортымен 121-маршрут бойынша жүрген автобус қозғалтқыш бөлігіндегі түтінге байланысты мәжбүрлі тоқтағанын хабарлады. «Жолаушыларға ешқандай қауіп төнген жоқ. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері анықталып жатыр», — деді АЭТ өкілдері.
Бұған дейін Алматыда бір бағытты жолдар санын көбейту мүмкіндігі қарастырылып жатқаны хабарланған болатын.
Дереккөз: Inform.kz