...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Нұрлыбек Нәлібаев: әуежайдағы құрылыс жұмыстары 1 шілдеге дейін аяқталуы керек

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы әуежайындағы құрылыс жұмыстарын 1 шілдеге дейін аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапары барысында Алматы әуежайындағы инфрақұрылымдық жобалардың жай-күйімен танысты. Оған әкім Дархан Сатыбалды, облыс әкімдігінің басшылығы, жауапты ведомстволар мен салалық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Жаңа халықаралық терминалдың жалпы ауданы 56 мың шаршы метрді құрайды. 93 млрд теңге инвестицияның арқасында нысанның өткізу қабілеті жылына 14 млн жолаушыға дейін артты. 2024 жылдың маусымында жаңа терминал іске қосылғаннан бері ескі ғимарат тек ішкі рейстерге қызмет көрсетеді.

«Халықаралық Алматы әуежайы» АҚ президенті Көсе Гөкердің айтуынша, TAV Havalimanları Holding A.Ş. (TAV Airports Holding) биылғы тамызда жалпы сомасы $360 млн болатын бесжылдық бас жоспарды бекіткен. Құжат терминалдарды реконструкциялауды, ұшу-қону жолағын күрделі жөндеуді, жерүсті қызмет көрсету жабдықтарын сатып алуды, жүк перроны мен бортазық объектілерін салуды, қонақүй мен көпдеңгейлі автотұрақты және басқа да жобаларды қамтиды.

«Мен Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша әуежайдағы жұмыс барысымен танысу үшін арнайы келдім. Алматы халықаралық әуежайын жаңғырту – Қазақстанды Орталық Азияның негізгі авиациялық хабтарының біріне айналдыруға бағытталған стратегиялық шешім. Алайда жұмыс қарқыны өте төмен. Алматы – біздің ең әдемі қалаларымыздың бірі, оған туристер көп келеді. Әуежай аумағындағы құрылыс жұмыстары қаланың келбетін бұзып, туристерге қолайсыздық туғызып отыр, оны 1 шілдеге дейін аяқтау қажет. Мырза Көсе Гөкер, жолаушылар мен туристердің сынына ұшыраған созылған жұмыстарды аяқтайтын уақыт келді. Жазғы маусым қарсаңында туристік ағын өседі, сондықтан жаңғырту қарқынын жеделдетіп, халықтың мүддесін ескеру қажет. Қала әкімдігі өз кезегінде жаңғырту жұмыстарының сапасы мен уақытылы аяқталуын қатаң бақылауға алуы керек», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Сондай-ақ ол әуежай халықаралық терминалының нөсер жаңбырдан су астында қалу оқиғасына тоқталды. Бұл жағдай жұртшылық арасында кең резонанс тудырып, қала тұрғындары мен шетелдік қонақтардың теріс реакциясына әкелді. Осыған байланысты Нәлібаев жұмыс сапасы басты критерий екенін еске салып, Алматы әкімдігіне әуежайдың көлік инфрақұрылымын қалалық қоғамдық көлік желісімен, оның ішінде метроның перспективалық бағытымен интеграциялауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары «Алматы-1» вокзалына да барып, былтырғы наурызда басталған реконструкция жұмыстарын тексерді. Жобалық-сметалық құжаттаманы мемлекеттік сараптама порталына жүктеу аяқталғанымен, қорытынды алу мерзімі 2026 жылдың 11 тамызына ауыстырылған.

Дереккөз: Inform.kz