...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда 2026 жылы 270 км электр желісі жаңартылады

Алматыда 2026 жылы 270 шақырымға жуық электр желілері жаңғыртылып, қосалқы станциялар мен электр беру желілері жаңартылады. Бұл туралы Алматы қалалық Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрбақыт Серікбай өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Жөндеу маусымы аясында қалада 10/6/0,4 кВ кернеулі электр желілерінің 269,79 км жаңғырту және қайта құру жоспарланған. Оның ішінде 210 км — 10/6 кВ кабельдік желілерді қайта құру. Жұмыстар Алмалы, Бостандық және Наурызбай аудандарында жүргізіледі. Сонымен қатар, Алмалы, Наурызбай және Алатау аудандарында 0,4 кВ әуе желілерінің 60 км-ге жуығы жаңартылады.

«2026 жылы біз Алматының электр желілерін кең ауқымды жаңғыртуды жалғастырамыз. Негізгі назар инфрақұрылымның тозу деңгейі жоғары аудандарға аударылған. Кабельдік және әуе желілерін қайта құру, сондай-ақ қосалқы станциялар мен тарату пункттерін жаңғырту жоспарланған. Бұл шаралар энергия жүйесінің тұрақтылығын арттырып, апаттық ажырату қаупін азайтуға мүмкіндік береді», — деді Нұрбақыт Серікбай.

Сондай-ақ 2026 жылы үш тарату пункті мен 22 трансформаторлық қосалқы станцияны қайта құру жоспарланған. Сонымен қатар «Есентай», «Шоссейная» және «Жас-Қанат» қосалқы станциялары жаңғыртылады. Жетісу және Түрксіб аудандарында жалпы ұзындығы 30 км-ден асатын 110 кВ электр беру желісін жаңарту, қолданыстағы сымды заманауи композитті сымға ауыстыру жоспарланған.

Басқарма деректері бойынша, 2025 жылдың басында Алматының электр желілерінің тозу деңгейі 64,5% болған, бірақ жүргізілген жұмыстардың арқасында көрсеткішті 63,3%-ға дейін төмендету мүмкін болды. 2025 жылы 238 км желі қайта құрылды — бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай көп. Салыстыру үшін: 2024 жылы 140 км, ал 2023 жылы 162 км желі жаңартылды.

«Біз жүргізіліп жатқан жаңғыртудың нәтижесін көріп отырмыз. 2025 жылдың қорытындысы бойынша технологиялық бұзушылықтар мен апаттық ажыратулар саны 12%-ға — 359-дан 320 жағдайға дейін төмендеді. Бұл тұрғындар мен бизнесті электрмен жабдықтау сапасы мен тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Апаттылықты азайту жұмыстары жалғасады», — деп атап өтті спикер.

Қазіргі уақытта электр желілерінің ең жоғары тозу деңгейі Түрксіб, Медеу және Наурызбай аудандарында сақталуда. Дәл осы аудандарда инфрақұрылымды қайта құру және жаңарту жобалары басымдықпен жүзеге асырылуда.

Басқармада сондай-ақ Алматының электр желілік кешені елдегі ең ірілердің бірі екенін хабарлады. Желілердің жалпы орнатылған қуаты 10 643 МВт, ал электр беру желілерінің ұзындығы 30,8 мың шақырымнан асады. Қалада 35 кВ және одан жоғары кернеулі 206 қосалқы станция, сондай-ақ 7,3 мыңнан астам трансформаторлық қосалқы станция мен тарату пункттері жұмыс істейді. Алматының электрмен жабдықталуын саланың 4,5 мыңға жуық қызметкері қамтамасыз етеді.

«Бүгінде Алматының электрмен жабдықтау жүйесі халық санының өсуі, құрылыс және қалалық инфрақұрылымның дамуына байланысты жоғары жүктемені бастан кешіруде. 2025 жылы желілердегі максималды жүктеме 1 962 МВт құрады», — деп қосты басқарма өкілі.

Дереккөз: Almaty.tv