
Алматыдағы жеке мектептердің бірінде оқу ақысының күрт қымбаттауы ата-аналардың наразылығын тудырды. Бұған дейін 2,5 миллион теңге болған оқу жылының құны енді 4 миллион теңгені құрайды, яғни 1,5 миллион теңгеге өскен. Ата-аналар мектеп әкімшілігімен келіссөз жүргізуге тырысқанымен, оларды ғимаратқа кіргізбеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Наразылық білдірушілердің айтуынша, мектеп басшылығы ата-аналармен алдын ала кеңеспей, бағаны біржақты көтерген. Бұл шешім көптеген отбасы үшін күтпеген жағдай болып, қаржылық қиындықтар туғызған. Ата-аналар мектеп әкімшілігінен бағаның негіздемесін сұрап, жаңа оқу жылына дейін мәселені шешуді талап етеді.
«Бізге ешқандай хабарлама келмеді, кенеттен бағаның өскенін білдік. Бұл – біздің отбасылық бюджетке үлкен соққы. Мектеп әкімшілігімен сөйлесуге тырыстық, бірақ бізді кіргізбеді», — деді ата-аналардың бірі.
Мектеп әкімшілігі әзірге ресми түсініктеме берген жоқ. Ата-аналар жағдайды шешу үшін білім беру басқармасына шағымдануды жоспарлап отыр. Оқу орнының атауы әзірге жарияланбады.
Дереккөз: Inalmaty.kz