
Жыл сайын Алматы атмосферасына 190 мың тонна зиянды заттар түседі. Қала әкімдігі, экологтар мен белсенділер жағдайды түбегейлі өзгерту жолдарын қарастыруда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Түтіннің басты көзі – көлік, ол барлық шығарындылардың 60%-ын құрайды. Қалған бөлігі өнеркәсіп кәсіпорындары мен жеке секторға тиесілі. Мамандар ЖЭО-ны газға ауыстыру арқылы зиянды шығарындыларды 92%-ға азайтуды күтеді.
Сонымен қатар, тұрғын үй қоры мен бизнеске қойылатын талаптар күшейтілуде. Газдандырылған аудандарда қатаң шектеулер енгізу жоспарлануда.
«Стационарлық ластау көздеріне зиянды заттарды ұстау құрылғыларын орнату міндетті. Жеке секторға келетін болсақ, газдандырылған аудандарда қатты отынды пайдалануға тыйым салынады. Тұрғындар газға немесе электр қуаты сияқты экологиялық таза отын түрлеріне көшуі керек», – деді экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы бөлімінің басшысы Ләйлә Мұхаметрахимова.
Көлік секторына ерекше назар аударылған. 2026 жылдың басынан бері Алматыда экологиялық нормаларды бұзғаны үшін айыппұл сомасы 288 миллион теңгеден асты. Осы жылдың соңынан бастап жаңа талаптар күшіне енеді: автобустар автономды жылытумен жабдықталады, ал дизельді көлік иелері шығарындыларды тазартатын реагенттерді қолдануға міндеттеледі.
Ең маңызды өзгерістер автокөлік иелерін күтіп тұр.
«2027 жылдан бастап көліктер техникалық экологиялық тексеруден өтуі керек. Белгіленген нормаларға сәйкес келмейтін машиналар бұзушы саналып, айыппұл салынады. 324-бап бойынша әкімшілік жаза қарастырылған: бірінші бұзушылық үшін жеке тұлғаларға 10 АЕК, қайталанғанда 20 АЕК айыппұл және мемлекеттік нөмірлерді тәркілеу мүмкін», – деді «Eco Almaty» ЖШС директорының орынбасары Айдана Кәсен.
Экологтардың пікірінше, ЖЭО-ны газға ауыстырудан бастап әр көліктің шығарындысын қатаң бақылауға дейінгі кешенді тәсіл ғана Алматыға таза ауасы бар қала мәртебесін қайтаруға мүмкіндік береді. Белсенділердің барлық өтініштері мен ұсыныстары тиісті басқармалардың жұмыс жоспарына енгізілді.
Дереккөз: Almaty.tv