...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда желтоқсан оқиғасына қатысушыларға берілетін жәрдемақы 400 мың теңгеге дейін өседі

Алматы қалалық мәслихатының кезектен тыс XLV сессиясында 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушыларға берілетін біржолғы әлеуметтік көмек мөлшерін 250 мыңнан 400 мың теңгеге дейін ұлғайту ұсынылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Сессия барысында 2023 жылғы 8 желтоқсандағы №73 «Алматы қаласында әлеуметтік көмек көрсету қағидаларын бекіту, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау туралы» шешімге өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.

Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов кейбір әлеуметтік төлемдерді қысқартудан үнемделген қаражат есебінен желтоқсан оқиғасына қатысушыларға төлемді ұлғайтуды ұсынды.

— Қала әкімінің тапсырмасы бойынша 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының ақталған қатысушыларына біржолғы әлеуметтік көмекті 250 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін ұлғайту ұсынылады. Бұл шара 786 адамды қамтиды. Егер ұсыныс қолдау тапса, олар биылғы желтоқсан айында осы төлемді алады, — деді ол.

Алматы қалалық мәслихатының депутаттары бұл ұсынысты қолдады.

Еске салайық, 2023 жылы Алматыда желтоқсан оқиғасына қатысушыларға берілетін біржолғы төлем 150 мың теңгеден 250 мың теңгеге дейін ұлғайтылған болатын.

Дереккөз: Inform.kz