
Наурызбай ауданының тұрғындары ауа сапасына шағымданған соң, экологтар тексеріс жүргізіп, бірқатар көрсеткіш бойынша нормадан артық ластануды анықтады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғындар өткір иіс пен тұрмыс жағдайына кері әсері туралы шағымданған. «Eco Almaty» ЖШС атмосфералық ауа сапасына зерттеу жүргізіп, бірнеше көрсеткіш бойынша артық мөлшерді тіркеді.
Кәсіпорын деректері бойынша, азот диоксидінің концентрациясы 4,410 мг/текше.м құрады (норма 0,2 мг/текше.м), бензол — 5,749 мг/текше.м (норма 0,3 мг/м³), қалқымалы бөлшектер (шаң) — 36,949 мг/текше.м (норма 0,5 мг/текше.м). Сондай-ақ мамандар көміртегі тотығы (CO), күкірт диоксиді (SO₂), күйе, қорғасын, формальдегид, күкіртсутек және көмірсутектердің мөлшерін анықтады.
«Жиналған материалдар уәкілетті органдарға одан әрі қарау және қолданыстағы заңнама аясында шара қабылдау үшін жіберілді», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, 13 мамырда тұрғындармен кездесу өтті, оған «Eco Almaty» ЖШС, экология департаменті, Наурызбай ауданы әкімдігі және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері қатысты.
Дереккөз: Nur.kz