...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда кәсіпкерлерге жаңа экологиялық талаптар түсіндірілді

Медеу ауданында кәсіпкерлермен атмосфералық ауаны қорғау және жаңа экологиялық талаптар бойынша ақпараттық-консультативтік кеңес өтті. Аудан әкімі Еркебұлан Оразалин жиынды аша отырып, негізгі мақсат – кәсіпкерлерге жаңа экологиялық талаптарды түсіндіру және оларды енгізуге кезең-кезеңімен, түсінікті түрде көшу екенін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Кеңеске аудан әкімдігі, қалалық экология және қоршаған орта басқармасы, салалық ведомстволар мен бизнес өкілдері қатысты. Мамандардың мәліметінше, Алматы агломерациясындағы жалпы шығарындылар көлемі жылына 225 мың тоннаны құрайды, оның 189 мың тоннасы тікелей Алматыға тиесілі.

Қалада экологиялық ахуалды жақсарту бойынша шаралар кешені іске асырылып жатыр. Жеке секторды газдандыру деңгейі 99,4%-ға жетті, ТЭЦ-2 және ТЭЦ-3 газға ауыстырылып, шығарындылар 92%-ға азаяды. 2024 жылдан бастап Алматыда қалалық бағыттарға дизельді автобустар сатып алу тоқтатылып, соңғы жылдары 2,9 мыңнан астам экологиялық автобус алынды.

Ауа сапасын бақылау үшін 19 стационарлық эко-бекет және 4 жылжымалы зертхана жұмыс істейді. Кәсіпкерлерге 2025 жылғы 30 желтоқсанда қалалық мәслихат бекіткен атмосфералық ауаны қорғаудың жаңа қағидалары түсіндірілді. Құжат шығарындылар деңгейі төмен аймақтарды (LEZ) енгізуді, бизнес нысандары мен көлікке қойылатын жаңа талаптарды және экологиялық бақылауды күшейтуді көздейді.

2026 жылғы сәуірден бастап қала орталығында пилоттық LEZ аймағы жұмыс істеп тұр. 2027 жылдан бастап бұл талаптарды Алматының бүкіл аумағына кезең-кезеңімен тарату жоспарланған. Жаңа экологиялық талаптар қоғамдық тамақтану нысандарын, техникалық қызмет көрсету станцияларын, коммерциялық моншаларды және III санаттағы басқа да нысандарды қамтиды. Оларға сүзгілер мен тазарту жүйелерін орнату, экологиялық таза отынға көшу және шығарындыларды тұрақты өлшеу қарастырылған.

Медеу ауданында атмосфералық ауа сапасына елеулі әсер ететін 249 қоғамдық тамақтану нысаны, коммерциялық монша және СТО орналасқан. Кәсіпкерлерге жабдықты жаңғырту және шығарындыларды тазарту жүйелерін орнату үшін жеңілдікті қаржыландыру бағдарламалары ұсынылды.

Аудан әкімі Еркебұлан Оразалин: «Жаңа талаптарды шектеу ретінде емес, бизнесті жаңғырту, оның тұрақтылығын арттыру және тұрғындардың сенімін нығайту мүмкіндігі ретінде қабылдау маңызды. Аудан әкімдігі бұл процесте қолдау көрсетуге, кеңес беруге және шешім табуға көмектесуге дайын», – деп атап өтті.

Дереккөз: Almaty.tv