
2026 жылдың басынан бері Алматы қаласының Еңбек мобильділігі орталығына 22 мыңнан астам тұрғын жүгінген. Оның 18,7 мыңы ресми жұмыссыз мәртебесін алса, 7,8 мыңнан астам алматылық тұрақты жұмыс тауып үлгерген. Мемлекеттік жұмыспен қамтуды қолдау шаралары мен бірінші тоқсандағы жұмыс қорытындылары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов айтып берді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Спикердің айтуынша, қала тұрғындарын жұмысқа орналастыру бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде — кәсіптік оқытудан бастап жас мамандар мен жаңадан бастаған кәсіпкерлерді қолдауға дейін.
«Біздің басты міндетіміз — қаладағы еңбекке қабілетті азаматтардың барлық санатын жұмыспен қамту үшін жағдай жасау және мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын іске асыруды қамтамасыз ету. Бүгін біз жұмыспен қамту бағдарламаларына сұраныстың жоғары болып қала беретінін көріп отырмыз. Тек бірінші тоқсанда ғана Еңбек мобильділігі орталығына 22,6 мың адам жүгінді. Белсенді жұмыспен қамту шараларымен 9 мыңнан астам алматылық қамтылды», — деді Бауыржан Жаубасов.
Ол Алматыда Қазақстан Үкіметі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бекіткен 2024–2029 жылдарға арналған Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасын іске асыру жалғасып жатқанын атап өтті. Осы жұмыс аясында тұрақты жұмыс орындарын құруға ерекше назар аударылады.
«Жыл басынан бері қалада 2 820 жұмыс орны құрылды, оның 99,2% — тұрақты. Жалпы 2026 жылы кемінде 51 мың жұмыс орнын құру жоспарланған, оның 45 мыңнан астамы — тұрақты. Бұл жұмыспен қамту құрылымын жақсартуға және еңбек нарығының тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Біз барлық бағыт бойынша оң динамиканы көріп отырмыз», — деп атап өтті басқарма басшысы.
Сұранысқа ие бағыттардың бірі — кәсіптік оқыту. Бірінші тоқсанда курстарға 104 адам жіберілді, 40 мамандық бойынша 282 орын бос тұр. Олардың қатарында — тігінші, визажист, шаштараз, аспаз, кондитер, наубайшы, сылақшы, флорист, web-әзірлеуші және басқалар.
«Қысқа мерзімді оқыту адамдарға тез арада жаңа мамандық алуға және еңбек нарығының талаптарына бейімделуге көмектеседі. Оқыту білім беру ұйымдарында да, жұмыс берушілердің жұмыс орындарында да жүргізіледі. Қатысушылар оқу кезеңінде стипендия немесе жалақы алады. Сондай-ақ біз skills.enbek платформасы арқылы қашықтықтан оқыту форматын белсенді дамытудамыз», — деді Бауыржан Жаубасов.
Басқарма деректері бойынша, жыл басынан бері 888 адам біліктілігін арттырды. Оның 784-і онлайн, 104-і офлайн форматта оқыды. Сонымен қатар, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 406 жаңадан бастаған кәсіпкер қолдау алды.
Жастарға ерекше көңіл бөлінеді. Кәсіптік бағдар беру іс-шараларымен 3,6 мыңнан астам оқушы мен студент қамтылды. Жұмыс тәжірибесі жоқ түлектерге арналған «Жастар практикасы» бағдарламасы да жалғасуда.
«Жастар практикасы түлектерге мамандығы бойынша алғашқы кәсіби тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Бүгін электронды еңбек биржасында 572 бос жұмыс орнына 449 хабарландыру орналастырылды. Білім беру, қаржы, IT, заңтану және медицина салаларының мамандары ең сұранысқа ие. Жастар 12 айға дейін жолдама ала алады», — деп түйіндеді спикер.
Дереккөз: Almaty.tv