
Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ерекше қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Жайдаркүл Отарбекова хантавирустың әкеліну қаупіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Отарбекованың айтуынша, хантавирус жаңа вирус емес және бұрыннан белгілі. Ол Алматыға немесе басқа өңірлерге инфекцияның әкеліну қаупі әрқашан бар екенін атап өтті.
«Әуежайда және басқа да шекараларда профилактикалық іс-шаралар үнемі жүргізіледі. Барлық әуежайларда вирустық инфекцияны ерте анықтау үшін терморегуляторлар орнатылған. Кешенді жоспар бойынша жұмыс істейміз. Әкеліну қаупі бар, бірақ өршуді сол жерде тоқтата аламыз. Инфекциялық аурухана, изоляторлар, инфекционистер бар. Қауіпті инфекциялар бойынша шақырту түскенде, барлық қызмет дереу әрекет етіп, пациенттерді оқшаулап, инфекциялық стационарда емдейді», — деді Отарбекова РСК брифингінде.
Спикер хантавирусқа қарсы вакцина әлі жасалмағанын қосты.
Дереккөз: Nur.kz