...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыны тағы да нөсер су басты: зардап шеккендер мен әкімдік жауабы

10 мамырда Алматыға қатты нөсер жауып, оңтүстік астананың бірқатар көшесін су басты. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда көліктер суда „жүзіп“, жаяу жүргіншілер үлкен шалшықтарды айналып өтуге мәжбүр болғаны көрінеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Әуезов ауданының тұрғындары су басуға шағымданған. Аудандық әкімдік оқиға орнына мамандар жіберілгенін хабарлады. Ал Алатау ауданындағы Онғарсынова мен Рысқұлов қиылысының маңында тұратындар да су басуға наразы. Алатау аудандық әкімдігінің түсіндіруінше, бұл жерде Қарғалы өзенінің арнасын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

„Қалалық Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы Қарғалы өзенінің арнасын қайта жаңартуда. Мердігер ұйым Рысқұлов даңғылындағы өзен арнасынан өтетін жолды бөгеп тастаған. Осыған байланысты су канал бойымен ақпай қалды“, — деп мәлімдеді әкімдікте.

Ақсу көшесінің тұрғыны үйіне су кіргенін видеога түсіріп, әлеуметтік желіде жазба жариялаған. Алатау аудандық әкімдігі Ақсу көшесінде бұрын мүлде болмаған арық желісінің құрылысы жүріп жатқанын айтты.

Алматы әкімдігі 11 мамырда желдің күшеюі күтілетінін, ал жауын-шашын синоптиктердің болжамы бойынша 12 мамыр түске дейін сақталатынын ескертті. Жергілікті су басудың алдын алу үшін коммуналдық қызметтер мен мердігер ұйымдар тәулік бойы кезекшілікке көшірілген. Кезекшілікке 104 арнайы техника, 74 мотопомпа, 12 ассенизаторлық машина, 75 жедел бригада (425 жол жұмысшысы) жұмылдырылып, 2300 құм салынған қап дайындалған. Сонымен қатар Алматы Құтқару қызметінің кезекшілігі ұйымдастырылып, олар ассенизаторлық техникамен және 15 қосымша құралмен жабдықталған.

Дереккөз: Nur.kz