
Алматы полициясы әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында пневматикалық қару мен суық қарудың заңсыз саудасын анықтады. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы қалалық Полиция департаментінің Instagram-парақшасында хабарлағандай, жедел іс-шаралар нәтижесінде заңсыз айналымнан пневматикалық қару мен суық қарудың партиясы тәркіленді. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.
Аудандық полиция бөлімшелері күн сайын мекенжайлық тексерулер мен жедел іс-шаралар өткізіп, тыйым салынған заттарды анықтап, айналымнан алып тастауда. Осылайша, заңсыз айналымнан 619 бірлік тыйым салынған зат тәркіленіп, анықталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеулер басталды.
«Қарудың заңсыз айналымы, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы сатылуы қоғамдық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді. Әрбір мұндай құқықбұзушылық — ауыр қылмыстардың ықтимал қаупі. Полиция интернет-кеңістікті тұрақты негізде мониторингтейді және жедел шаралар қабылдайды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып, күшейтілетін болады», — деді Алматы қалалық ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.
Полиция азаматтарға қаруды заңсыз сақтау мен сату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
Дереккөз: Nur.kz