
Алматыда соңғы күндері жолда қауіпті маневрлер жасап, агрессивті жүргізушілік көрсеткен екі жүргізуші анықталып, жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы қалалық Полиция департаментінің Instagram-парақшасында көшеде дрифт жасап жатқан көліктердің видеосы жарияланды. Полиция мәліметінше, екі жүргізуші де табылып, жазаланды.
Өткен демалыс күндері полиция қызметкерлері жол жүрісі ережелерін өрескел бұзған екі жүргізушіні анықтап, жауапкершілікке тартты. Оларға қатысты бірнеше бап бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен бір бұзушы 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынса, екіншісіне айыппұл салынды, — деп мәлімдеді полиция.
Полиция мұндай құқық бұзушылықтардың назардан тыс қалмайтынын, агрессивті жүргізушіліктің әрбір фактісі заңды баға алып, кінәлілер толық көлемде жауапқа тартылатынын атап өтті.
Дереккөз: Nur.kz