
Алматыда коммуналдық №3 автобус паркінде мамандар 50 автобустың катализаторсыз жүргенін анықтады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Тексеруді экологиялық талаптардың сақталуын бақылау аясында «Eco Almaty» ЖШС жүргізді. Автопаркте 289 автобус бар, оның 40-ы жөндеуде. Мамандар 249 көлік бірлігін тексерді.
Мониторинг қорытындысы бойынша 50 автобуста катализатор – шығарынды газдарды тазарту жүйесінің элементі жоқ екені анықталды. Бұл элемент зиянды шығарындыларды азайтуға әсер етеді.
Экологиялық бақылау атмосфералық ауаны қорғау қағидалары аясында жүргізіліп, қаладағы ластанудың негізгі көзі болып табылатын көлік шығарындыларын қысқартуға бағытталған.
Ведомство автопарктерді тексеру тұрақты негізде жүргізілетінін еске салды. Бұған дейін Экология департаменті «NEO City TRANS» ЖШС және «TALAP T» ЖШС автобус парктерінде рұқсат етілген шығарындылардың асып кеткенін анықтаған. Тексеру қорытындысы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, 13,3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді.
Алматыда көліктердің экологиялық жағдайын бақылау жалғасады.
Дереккөз: Inalmaty.kz